Байдалы шешеннің қара жамылған ордаға келуі қалыпты тіршілік орнатқандай болады. Айғаным өзі тұрып шай қойғызып, қой сойдырды. От жағып, шөлдеп келген шешенге сусын берді. Ханым жадыраңқы рай білдірген соң, шешен де жайғасып, шешіле сөйледі. Мал - жан, ауыл - аймақтың амандығынан басталып, әңгіме ағыла берді. Шешеннің сөзі Айғанымға түрлі ой салып, қайғысын жеңілдеткендей болды. Айғаным өкпе- назын айта бастайды.
- Ханмен қадірлес, халықпен сырлас қария едіңіз. Хан артында қара тұман қалды. Қара тұман ортасында мен қалдым. Көзсіз көбелектей болып қалғанымда, осы уақытқа дейін ат ізін салмағаныңыз қалай? Несін жасырайын, өкпелеп жүр едім. Мен сізді келер, келер де жылатар, жылатар да жұбатар, содан кейін ханға арнап бір жақсы құран шығартар деп ойлаған едім. Мұның бірін де істемедіңіз. Бірақ осы жолы өкпем тарқағандай боп отырмын. Мұның мәнісі қалай? - деп сұрапты. Сонда Байдалы би:
- Келген жерден білместігіңді бетіңе айттым. Ол жылатқаным емес пе? Қайғырып жатқан жеріңнен тұрғызып, ас суыңды өзіңе басқарттым. Бұл жұбатқаным емес пе? Ал, ханымның қайғысы жылаумен жеңілденбейді. Ханның күнәсі құранмен жуылмайды. Сондықтан, жылауратпай, құрандатпай, тұмандатпай келгенім рас. Мүмкін менің сөзім, сенің қайғыңды емес, қайратыңды қолдаған болар- дейді.
Айғаным ,,Рас, рас,, деп басын изейді. Бағанадан бері шарта жүгініп алып, мүлгіп отырған Таумұрын молда осы кезде көзін ашып жіберіп:
- Күнәһар болдыңыз, шешен, күнәһар, күнәһар!- деп бажыраң -бажыраң етеді.
- Молдеке, сабыр етіңіз. Осыншама қатты кесіп айтатын сіздің алдыңызға жүгініске келіп отырған жоқпын ғой, қалтаңызға саудыратып салып жүрген сауабыңыз болса, менен басқаларға үлестіре беріңіз. Құр қалдым деп өкпелемей- ақ қояйын. Атасы басқа молда түгіл, мен өз ағайынымнан да ешнәрсені дәметпейтін адаммын. Ал, ханның күнәсі құранмен жуылмайтындығы, ханымның қайғысы жылаумен бітпейтіндігі туралы қай бидің алдына барсаң да, сенікі теріс, менікі дұрыс- депті.
Шешен сөзінің салмағына шыдамаған молда ,,дәрет алуды,, сылтау етіп, далаға шығып кетеді. Молда кеткен соң, Айғаным ойындағысын іркілмей айта бастады.
- Ханның қайғысы оңай болды дейсіз бе маған? Өзім әлсіреп отырғанда, әлгібір сорлы молда құран оқыса, осы орда дөңгелене жөнелгендей болады. Құлап кетемін бе деп керегенің көгінен ұстап, бүйірімді таянамын. Әңгіме айтса, әзірейіл, мүңкір нәңкір деген біреулерді айтады да мүлде зәремді ұшырады.
Осы араға келгенде Байдалы би Айғанымның сөзін бөліп:
- Ай, Айғаным ай, баяғыдан бері байқамап па едің? Бұл Таумұрын молда аузын ашса, көмейінен көр көрінетін еді ғой. Несіне зәрең ұшады. Өмір тұрғанда өлімді сөйлегеннен без, төрінде отырып көрге сүйрегеннен без - дейді. Айғаным:
- Өзіңіз білесіз, ата- бабамыз молда ұстап көрген жоқ еді. Оның сырын қайдан білейік. Хан қайтыс болған соң, бір тәуір молда табайық дестік. Ол үшін әлгі керуен басы болып жүретін Тоқтарбайды Ташкентке де жібермекші болды. Тоқтарбайды шақырып алып сөйлескенде ол: " Ташкенге барып, өрік сатып отырған біреуді түйеге мінгізіп жеткізгенше, ханның сүйегі де қурап қалады. Одан да осы Таумұрынның өзін ұстай тұру керек.- деп болмай отырып алғаны. Сол молдамыздың сиқы әлгі..
- Алуан - алуан молда бар, тек алу үшін жаралған. Олар ,,ал,, дегенді өлтіріп, ,,бер,, дегенді ғана қалдырған. Сұрауменен сұрамсақ күн көреді, ұрлықпенен сұғанақ күн көреді. Үзіп - жұлып күн көрмесе, бұл пақыр аштан өледі- деп сөзін тәмамдапты Байдалы би.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 3